Саясат мың құбылып, дін қолжаулық болған жанкешті жахандану дәуірінде жастарымызға ұлттық кодымыздың бір негізі-құл Қожа Ахметтің тәрбиесін беру мәселесінің маңыздылығына сын көзбен қараудың қажеті жоқ. Өйткені, ұлттық бірегейлігімізді сақтап, Тоныкөктер армандаған Мәңгілік Ел боламыз десек, өткенімізге оралуға мәжбүрміз.
Ардақты Пайғамбарымыз(с.ғ.с)бір хадис-шәріпінде: «Жастық-жындылықтың бір тармағы”деп дәл суреттеп кеткен екен. Ең өкініштісі, дінді саудасына негіздеген залымдар мен «ғалымдар”, жастарымыздың осы әлсіз тұсын пайдаланып, дүниетанымы қалыптаспаған жас көңілге зорлық-зомбылықтың ұрығын сеуіп, маргинал,космополит, тағы да басқа «ит” жұрнағы жалғанған жексұрын топтарға топ-тобымен кіргізуде.
“Сүннет екен кәпір де болса берме азар”деп толеранттылық ұғымын тайға таңба басқандай ұғындыртып кеткен Яссауи арқылы жастарымызға қоғамның тыныштығы мен татулығын насихаттауымызға болады. Яссауидің ұстанымдарының бірі-Рабты-Сұлтан, яғни мемлекет басшысына, жергілікті басшыға бағыну.Ел басшыға бағынбаса, қоғамның үйлесімі мен заңдылығы бұзылып, ол елден тыныштық пен береке кетеді.Тарихтан мысал келтірмей –ақ дәл қазір көршіміз Ресейде мектеп оқушыларының өзін алаңға апарып, өкіметке қарсы қойып,сасық саясатқа пайдаланып жатыр. Құлдық санадан әлде де толық арыла қоймағандығымыздың белгісі-жастарымыздың арасында әлде де тіліміздің болашағына күмән келтіретіндер бар. Яссауидің заманында «аузымен құс тістеген”зиялы қауым мен халықтың санасында парсы тілі мен араб тілінің абыройы дүркіреп тұрды. Дегенмен, «Ішіміз-Хақпен, сыртымыз-Халықпен”деген ұстанымдағы Яссауи халықтың тұрмысы мен болмысымен біте қайнасып, хикметтерін қара халықтың күнделікті қолданысындағы түрік тілінде жазды. Асылында, «нәпсі аммарадан нәпсі мутмаинна”,тіпті одан әргі жоғары хәл мақамдарын тиісті аудиторияға жеткізу, жеткізе алу сол кезде де оңай шаруа болмағандығын аңғарамыз, тіпті қазір де сопылық дүниетанымымызды тәрбие ретінде жастарымызға түсіндіруде бергідегі хакім аталарымызға жүгінуге тура келеді.Санаңыз жыбырлап, шырамытты білем, иә, дәл таптыңыз, өзін «мен жұмбақ адаммын”деп сипаттап кеткен Абай арқылы Яссауиді танытуымыз ләзім. “Неге Абай?” деген орынды(бәлкім орынсыз)сұрақтың жауабы-Абай «орта жолды” ұстанған Хакім. Тақырыбымыз Ислам философиясымен тығыз байланысты болғандықтан, «орта жол” ұғымына тоқталып өтейік. Дауани сынды ғұламаларымыздың пікірінше, Құрандағы орта жол(итидал) барлық мәселеде жақсылыққа себеп болатынынын айтып кеткен, және күнімізге дейін осы «орта жол” ұстанымы қоғамның қай саласындағы мәселе болмасын, өзінің өміршеңдігін дәлелдеді. Қазақтың да «өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмай” деп әдемі суреттеген меже осы жол. Яссауи ілімінде адам өзінің ішкі жан-ар тазалығын ұдайы қадағалап, тізгіндеп тұрудың қаншама тәсілдерін көрсетсе, Абай да «Тіршілікке көңіл бөлмейтін пенде жоқ, бірақ ең бастысы- өз мінін білу керек ”дейді. Абайдың өзін де, Алласын да таныған тұлғасы-ақыл мен қайрат, ыстық жүректі топтастыра білген жан.
Жастарымызға Абай арқылы тәрбие беруден тағы бір ұтатынымыз- мұсылман әлемінің ғылым-білімде артта қап кетуіне суфизмді қаралайтындардың қарасы көп, обьективті түрде қарағанда, ол пікір негізсіз де емес.”Отыз сегізінші сөзінде”:Бәріміз тәркі дүние боп, һу деп тариқатқа кірсек, дүниедегі Алланың пенделері үшін жаратқан қазыналарын кім іздейді? деп, елге «ораза-намаз тоқтықта”деп, аянбай еңбек етіп, кәсіппен,ғылым-біліммен шұғылдануды өсиет етеді. Әрі қарай Абай: «Сопылардың бәрі тәркі дүние емес еді”деп,Пайғамбардың заманындағы аса бай он адамды мысал қылады. Абай «Он жетінші сөзінде”қайрат пен ақыл және жүрек арасындағы айтысқа әділ қазы етіп ғылымды белгілеуі, жалпы еңбектерінде ғылым-білімді ерекше насихаттауы күнімізде де жастарға ауадайын қажет.
Қазақтың тағы бір данышпаны Мәшһүр Жүсіп Көпей өлеңінде ұрғашы түйенің қасиетін мысал қып берген.Мәшһүр Жүсіппен түйіндеуден айтпағым-жастарға Яссауиді түсіндіру барысында,олардың ақыл-ой деңгейі мен жас ерекшелігін ескере отырып, неғұрлым қарапайым тілмен түсіндірген нәтижелі болмақ.