Қызығы мен мазағы көп өмірде, көбіміз зәрезап болған күнделікті күйбең тірлігімізді заманауи омір сүру шарттарына толығымен үйлесетін бір өмірмен алмастырғымыз келетініміз рас. Осы мұратқа ең тез жетудің жолы- кісінің өзін жан-жақты(білім,кісілік, кәсіби,ахлақ) тұлғалық жетілдіруі. Ал мұсылман баласы дәл осылай жетілуге ден қойғанда, мәселеге ислами көзқарас тұрғысынан қарағаны ләзім. Кітап дүкендерінің сөрелеріндегі өзін-өзі жетілдіру туралы жазылған қисапсыз кітаптардан бөлек, аталмыш тақырып бойынша саусағымыздың ұшынан(смартфондар)да қолаш-қолаш ақпарат алуға болады.Өкінішке орай, батыс ғалымдарының, осы саланың сарапшыларының еңбектерінен аударылған әлгі дүниелер мұсылман баласының болмысына бөтен, басты басымдық-тұлғалық харизмаңызды ас та төк дүниеге қол жеткізу үшін ғана пайдалануыңызға үгіттейді. Екі дүние сардары Мұхаммед пайғамбарымыз (с.ғ.с) хадис-шәріптерінде үмметіне құстың қос қанаты сықылды һәм дүниесін һәм ақыретін қатар алып жүруді тапсырғандықтан, рухани жағынан да тұлғалануымыз аса маңызды. Иманы әлсіздеу, рухы жалаңаш адам дүние нығметтеріне қол жеткізсе, қоғамның соры, өзінің соры, Абай атамыз мұндай адамдарды өгізге теңейді.Онсыз да новелласы бітпейтін өмірдің өзінен қаншама мысалды көрудеміз. Өзін-өзі тануға ұмтылып та,әлі тани алмай жүрген адам айнаға барып, түрін ғана қарап, жастыққа басы жеткенде нәпсісімен есептеспесе, оңбай ұтылды деген сөз, дүниеде ұтылмаса да, ақыретте шығынға ұшырағандардың қатарында болатыны сөзсіз. Ақырет есебіңізді ұмытпастан, арман-мұратыңызды үкілеп, жан- жақты тұлғалануға шешім қабылдадыңыз деп есептейік. Бірақ, сол бақытыңызға жетуді асықпай тездетіңіз, анығырақ айтқанда, ақылыңыз бен еңбегіңіз екі жақтап, мұқалмас жігермен, жүйелі жоспармен қимылдаңыз, құрғақ қиял қол құрсау болмасын, тәуекел етіңіз, әрекет-сізден, нәтиже-Алладан.
Шалғынбаев Бекжан А.Яссауи атындағы халықаралық қазақ- түрік университетінің дінтанушы магистранты